Audi дегеніміз не?

Жүзден астам нарықта ұсынылған Audi неміс маркасы премиум сегментіндегі автокөлік шығаруда әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады.

Марка тарихының түп-тамыры автомобиль жасау ісі пайда болған кездерден бастау алады және ұлы «классиктердің» — соңғы жүзден астам жылдың ішінде әр түрлі жылдарда оның табысқа жетуі мен дамуына септігін тигізген инженерлердің, дизайншылардың, жарысқа қатысушылар мен конструкторлардың есімдерімен тығыз байланысты.

AUDI AG концернінің құрамына сондай-ақ италиялық Lamborghini суперкөліктерінің өндірушісі мен Ducati мотоциклдерін өндіретін компания кіреді.

 

Бүгінде дүние жүзіндегі миллиондаған адамдар марканың «Vorsprung durch Technik» ұранын жақсы біледі. Неміс тілінен орыс тіліне мұны «Жоғары технологиялардың артықшылығы» деп аударуға болады. Шынында да, техникалық инновациялар, озық шешімдер, батыл эксперименттерге деген ұмтылыс және әрбір клиентке жеке тұрғыдан келу Audi үшін бағдар болып табылады. Бүгінде барлық дерлік үлгілерде опция ретінде қолжетімді, аты аңызға айналған quattro толық жетегі марканың технологиялық артықшылығының жарқын көрінісі болып табылады. Ол көлік жүргізуден мүлде басқа сезімдерді сыйлап қана қоймайды, сонымен қатар, көлік жүргізу қауіпсіздігін арттырады, жолда сенімділік сезімін береді және автокөлікті спорттық стильде жүргізуге мүмкіндік береді.

Vorsprung durch
Technik
Жоғары технологиялардың артықшылығы

Спортқа бейілділік марка философиясының тағы бір маңызды құрауышы болып табылады. Классикалық раллиде, шеңбер жарыстарында, DTM чемпионатында, төзімділік жарыстарында және «Формула E» электрлік болидтердің жаңа үлгідегі жарысында қол жеткізілген көптеген жеңістер инженерлер мен конструкторларға баға жетпес тәжірибе беріп, ол бүгінде сериялық үлгілерде көрініс табуда. Талғампаз дизайнның спорттық стильмен және трассаларда шыңдалған технологиялармен үйлесімі — Audi автокөліктерінің тағы бір айрықша ерекшелігі. Қазіргі уақытта өзекті болып отырған отыз шақты Audi үлгілерінің кем дегенде жетеуін спорттық көлік деп сенімді түрде атауға болады. R және RS индекстері бар осы спорттық үлгілердің әзірленуіне және жасап шығарылуына Audi Sport GmbH арнайы бөлімшесі жауапты.

Бүкіл әлем бойынша жүргізілетін сансыз көп тәуелсіз зерттеулер жылдан-жылға Audi-дің тұрақты табыстылығын көрсетіп келеді. Әр түрлі қауіпсіздік рейтингтерінде, сондай-ақ тұтынушы көзайымы мен қалауы конкурстарында бірінші орындарды иеленеді. Audi әр түрлі елдерде: АҚШ пен Ұлыбританияда, Польша мен Испанияда, Ресей мен Қытайда танымалдыққа қалай қол жеткізді?

CornerStone, 1995 год

1977

Энтузиастар демаршы

Барлығы сонау 1977 жылы басталды. ГФР қарулы күштерінің тапсырысы бойынша Volkswagen Iltis жол талғамайтын көлігін әзірлеу барысында Audi компаниясының бір топ өршіл жас инженерлері ауырлық ортасы төмен және аспалары қысқа толық жетекті қуатты спорттық көліктің жобасын ойластырды.

1977 жылдың қыркүйек айында Audi 80 екі есікті модификациясы негізінде жасалған Allrad A1 (зауыттық коды EA262) деп аталатын алғашқы прототип динамиканың, бағыт тұрақтылығының және өтімділіктің тамаша көрсеткіштерін көрсетіп, сынақ километрлерінен өтіп жатты. Бірақ ол оны жасаушылардың – энтузиаст инженерлердің қауіп-қатерге бас тіккен тәуекелімен жасалды.

 

1978

Алғашқы тәжірибе

Концерн басшылығын жобаның келешегі зор екеніне сендіру үшін инженерлер Фердинанд Пиех пен Йорг Бензингер оларға өздері құрастырған прототиптің мүмкіндіктерін Альпі тауларындағы Туррахер Хое асуында көрсету туралы шешім қабылдады. Жазғы резеңке қойылған автокөлік мұз бен қар басқан, кәдімгі көліктер еңсере алмайтын құламалылығы 33 пайыз өрге оңай көтеріледі. Алғашқы тәжірибе

 

1978

Audi толық жетегі сериялық болды

Келесі прототип, 1978 жылы жасалған Allrad A2 мүлдем басқаша болды, өйткені «донор» ретінде төрт есікті Audi 80 B2 седаны таңдалды (кейінірек толық жетекті B2 сатылымға шықты). Бұл көлік неғұрлым шынайы жағдайларда сыннан өткізілді. Мысалы, Volkswagen концернінің директорлар кеңесінің мүшесі Эрнст Фиала тәжірибелік дананы бір аптаға жеке пайдалануына алып, оны әйеліне берді. Бір-екі күннен кейін көлік руліндегі ханым «тұраққа қою кезінде көліктің жұлқитынына және секіретініне» шағымданды. Инженерлерге көліктің жол талғамайтын қабілеттерін сақтай отырып, қалада жүру үшін тұтынушылық қасиеттерін жақсарту туралы ойлануға тура келді. Фиаладан автокөлікке осьаралық дифференциал орнату туралы ұсыным келіп түсті. Audi-дің толық жетегі сериялық болды.

 

1979

Аңыз осылай дүниеге келді

Алайда, FIA Халықаралық автоспорт федерациясы 1979 жылдың басында раллиді өткізу регламентін өзгертпесе, Ur-quattro (Ur – «бастапқы») батыл жобасы бәрі бір мұрағатқа кетуі мүмкін еді. Ережелерде толық жетекті көліктердің жарысқа қатысу мүмкіндігі белгіленді. Бұл Бензингерді барлық чемпионаттарда Audi маркасының намысын қорғайтын көлік жасауға итермеледі. Жаңа үлгіні екі есікті төрт орындық купе түрінде жасау ұйғарылды. Сол 1979 жылы сериялық үлгіге барынша жуықтатылған Allrad A3 прототипінің жүріс сынақтары жүргізілді.


1980

Алғашқы quattro

Барлық сынақтар сәтті аяқталғаннан кейін, 1980 жылғы 3 наурызда автокөлік Женевадағы Халықаралық автосалонда көпшілік назарына ұсынылды. Мұның алдында, Ur-quattro-ға қызығушылықты арттыру үшін жауапты инженерлерге барынша қысқа мерзімде қозғалтқыш қайтарымын 200 күшке дейін жеткізу міндеті жүктелген болатын. Бұл нәтиже берді, өйткені енді купе ең жоғары жылдамдықты сағатына 220 км-ге дейін дерлік дамытып, жылдамдықты небәрі 7,1 секундта сағатына 100 км-ге дейін үдетеді. 1970 жылдардың соңында бұл осындай кластағы және өлшемдегі автокөлік үшін ерекше көрсеткіштер болды. Атақты еуропалық басылымдардың тілшілерінің алғашқы сынақ драйвтары жаңа өнімді бірден нағыз спорттық көліктер дәрежесіне шығарды. Журналистер көліктің таңғажайып теңдестірілуін атап өтті, ол бір мезгілде жарыс трассасында өте тамаша уақыт көрсете алады (оны кез келген ауа райында жасай алатынына ерекше назар аударылды) және иесін дүкенге сауда жасауға өте жайлы жеткізе алады.

 

1982

Сенсациялардың уақыты келді

Audi quattro көлігін тізгіндеген Мишель Мутон ралли бойынша әлем чемпионаты жарысында жеңіске жеткен алғашқы әйел болды. Кейінгі оқиғалар Мишель Мутонның табысқа жетуі кездейсоқ болмағанын көрсетті. 1982 жылы Audi ралли бойынша әлем чемпионатында өндірушілер есебінде жеңіске жетті, ал 1983 жылы финдік жүргізуші Ханну Миккола жеке атақты жеңіп алды.

1982 жылдың желтоқсан айында «азаматтық» автокөліктер нарығында тұрақты толық жетегі бар алғашқы ірі сериялы жеңіл автокөлік – Audi 80 quattro дебют жасады.

 

1984

Ur-quattro – чемпиондар көлігі

1984 жылы жарыс трассаларына жаңартылған Sport quattro ралли нұсқасы шықты. Көлік өзінің алдындағы үлгіден өзгерген сыртқы түрімен де, техникалық жабдықталуымен де ерекшеленді. Купе 32 см-ге қысқарды, шанақ конструкциясы оңтайландырылды (алдыңғы әйнегінің қисаюына дейін), салмағы 1100 кг-ға дейін төмендетілді. 5 цилиндрлі қозғалтқыштың қуаты минутына 7500 айналымда 450 күшке дейін жеткізілді. Дәл осы Sport quattro аса қуатты Audi Sport quattro S1 ралли болидін жасауға негіз болды.

Осы үлгімен екі рет қатарынан (1983 және 1984 жылдарда) жеке есепте, ал 1984 жылы өндірушілер есебінде де әлемдік ралли чемпионатында жеңіске жетті.


1987

Бұлттарға қарай жарыста бірінші

Audi төбе басына жылдамдықпен көтерілу бойынша аңызға айналған Pikes Peak жарысында үшінші рет қатарынан жеңімпаз атанды. Sport quattro S1 көлігінің рулінде трассаның жаңа рекордын орнатқан Вальтер Рерль болды.


1988

Зиялы қауымға шығу

1988 жылы Париждегі Халықаралық автосалонда Audi тарихында алғаш рет 8 цилиндрлі V тәрізді қозғалтқыштың, автоматты беріліс қорабының және quattro толық жетегінің үйлесіміне ие болған V8 сәнді седаны дебют жасады. Автокөлік жұмыс көлемі 3,6 және 4,2 литрлік және тиісінше қуаты 250 және 280 ат күшіне тең моторлармен жабдықталды. Audi V8 тамаша шу оқшаулауына, сондай-ақ жайлы және стильді салонға ие болды.


1991

Quattro инженерлік қиялды шабыттандырады

Audi Avus quattro – 1991 жылы Токиодағы Халықаралық автосалонда марка ұсынған көрнекті тұжырымдамалық суперкөлік. Прототип үш жылдан кейін A8 сериялық көрнекті үлгісінде іске асырылған толығымен алюминийден жасалған шанақ архитектурасының артықшылықтарын көрсетті. Avus quattro қуаты 509 ат күшіне тең 6 литрлік 60 клапанды W12 қозғалтқышымен жабдықталды. Қазір автокөлік Ингольштадттағы Audi зауытының мұражайында көрмеге қойылған.

 

1994

S/RS: quattro – әрқашан

Quattro толық жетегі – сериялық Audi спорттық нұсқаларының жүрегі.
Аңыз 1994 жылы, RS сериясындағы алғашқы ең жылдам және қуатты Audi көлігі – Audi RS 2 Avant quattro (315 а.к.) нарыққа шыққан кезде дүниеге келді. Спорттық көлік AUDI AG мен Porsche бірлесіп әзірлеген Audi 80 (B4) платформасында Цуффенхаузендегі зауытта құрастырылды.


1996

Спорттағы жаңа көкжиектер

1996 жыл марка үшін турингтік жарыстардағы ең табысты жыл болды. Қуаты 296 ат күшіне тең екі литрлік төрт цилиндрлі қозғалтқышы бар A4 quattro Supertouring болиді ультразаманауи жарыс көлігі болып шықты. Жүргізуші креслосы артқа жылжытылды, алты сатылы беріліс қорабы бірқалыпты ауысуымен ерекшеленді, шанақтың пішіні аэродинамикалық құбырда көп еңбекті қажет ететін сынаулар барысында әбден жетілдірілді. 

 

2000

quattro автокөліктердің жаңа класын жасайды

2000 жылы Женевадағы автосалонда Audi A6 Avant жетілдірілген платформасында құрастырылған өтімділігі жоғары әмбебап көлік – Audi Allroad ұсынылды. Allroad базалық жиынтықталымда-ақ quattro тұрақты толық жетегімен, сонымен қатар, 142–208 мм диапазонында клиренсті реттей алатын пневматикалық аспамен және шанақтың қорғаныс жинағымен жабдықталды. Жүргізуші шанақтың төрт қалпының бірін таңдай алатын, бірақ жылдамдық артқан сайын ауа кедергісін азайту және тұрақтылықты арттыру үшін жол саңылауы автоматты түрде азаятын.


2005

Audi алғашқы жол талғамайтын көлігі ме? Әрине, quattro-мен!

2005 жылы quattro тұрақты толық жетек жүйесі, алты сатылы автоматты беріліс қорабы, пневматикалық аспасы, жүргізушінің көптеген электронды көмекшілері және белсенді қауіпсіздік функциялары бар Audi Q7 маркасындағы алғашқы жол талғамайтын көлік ұсынылды.


2006

Quattro жаңа бейнесі ― енді суперкөлік

2006 жылы Audi қозғалтқышы ортада орналасқан екі орындық R8 суперкөлігін ұсынды. AUDI AG компаниясына тиесілі Lamborghini маркасымен бірлесіп жасалған үлгі алюминий шанағымен және quattro толық жетегімен ерекшеленді. Бұдан бөлек, R8 – толығымен жарық диодты фаралары бар әлемдегі алғашқы сериялық автокөлік.


2008

SUV желісінің кеңеюі

Audi Q5 кроссовері еуропалық нарықта 2008 жылдың күзінде дебют жасады. Бастапқыда қозғалтқыштар желісінде бір бензинді және екі дизельді модификация болды. Тікелей отын бүркуі және турбоүрлемі бар екі литрлік бензинді мотор 211 а.к. дамытты, ұқсас жұмыс көлеміндегі турбодизель – 170 а.к., ал алты цилиндрлі 3.0 TDI нұсқасы 240 а.к. көрсетті. 


2009

Quattro жаңа керемет орындалуы

Audi маркасының үшінші буындағы көшбасшысы – А8 седанының тұсаукесері 2009 жылдың соңында АҚШ-тағы Design Miami көрмесінде өтті.
Кезекті A8 көлігінің дебюті автомобиль дизайны әлеміндегі маңызды оқиға болды. Ұлғайтылған доңғалақ базасы, қысқа алдыңғы және артқы аспалар, көрнекті төбе сызығы – барлығы жаңа үлгінің спорттық сипатын көрсетеді. Үшінші буында көрнекті седан толығымен жарық диодты фаралар, сенсорлық тақтасы және қолжазбалық мәтінді ажырату мүмкіндігі бар MMI, ЖКО кезінде қорғау құралдарының кешені, сондай-ақ интернетке кең жолақты қолжетімділік сияқты функцияларға ие болды. 


2010

Бұрынғыдан да қуаттырақ, бұрынғыдан да тиімдірек

Audi RS 5 тұсаукесері 2010 жылдың наурыз айында Женевадағы автосалонда өтті.

Сәнді купе 450 ат күшіне тең әсерлі қайтарымы бар, 4,2 литрлік V8 қозғалтқышына ие болды. Quattro тұрақты толық жетегі жүйесінде алғаш рет Torsen осьаралық дифференциалы тәжді тегершіктері бар жаңа, жеңілірек, өздігінен бұғатталатын құрылғыға ауыстырылды.


2016

Аңыздың жаңа буыны: quattro ultra

Audi A4 allroad үлгісімен бірге жаңа интеллектуалды quattro ultra толық жетегі де дебют жасайды.
Audi quattro ultra жүйесі уақыттың басым бөлігінде алдыңғы жетекте үнемді көлік жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте басқару блогы әр 10 миллисекунд сайын көптеген параметрлерді, соның ішінде рульді бұру бұрышын, бойлық және көлденең үдеулерді, қозғалтқыштың тартым күшін және тіпті қоршаған ортаның температурасын алады және талдайды. Осы деректер негізінде электроника шынымен қажет болатын жағдайларда толық жетекті іске қоса отырып, екі артқы доңғалақтарды қосу муфтасын басқарады.


2019

quattro болашаққа қарайды

Audi e-tron quattro концепт-көлігі алғаш рет 2015 жылы Франкфурттағы Халықаралық автосалонда ұсынылды. Қазіргі уақытта толық жетек технологиялары одан әрі дами түскен e-tron сериялық кроссовері Ресей нарығына шығуға дайындалуда.