
2026 жылы Audi өз тарихындағы маңызды белесті атап өтеді — марканың культке айналған бес цилиндрлі қозғалтқышы алғаш рет 1976 жылы Audi 100 моделінде таныстырылғанына 50 жыл толады. Жарты ғасыр ішінде бұл мотор брендтің басты технологияларының біріне айналып, «Vorsprung durch Technik» философиясының символы болды. Оның бірегей үні, ерекше сипаты мен автоспорттағы жеңістері бес цилиндрлі Audi қозғалтқышын нағыз аңызға айналдырды.
Audi 100-ден ралли даңқына дейін
Алғашқы бес цилиндрлі қозғалтқыш 136 а.к. қуат өндіретін және қуат пен үнемділіктің сәтті үйлесімімен бірден назарға іліккен. 1979 жылы Audi алғашқы бес цилиндрлі турбо-бензинді моторын таныстырды, ал бір жылдан кейін дәл осы компоновка әлемдік ралли спортының тағдырын өзгерткен аңызға айналған Audi quattro моделінің жүрегі болды.
WRC жеңістері, Вальтер Рёрлдің Pikes Peak асуындағы тарихи заезды, сондай-ақ Trans-Am және IMSA серияларындағы үстемдік бес цилиндрлі Audi турбо қозғалтқышын автоспорттағы ең танымал моторлардың бірі етті.
Аңыздың қайта оралуы: 2.5 TFSI
1990-жылдардағы үзілістен кейін бес цилиндрлі моторлар 2009 жылы Audi TT RS моделінде қайта жаңғырды. Қазіргі 2.5 TFSI қозғалтқышы бірнеше мәрте «International Engine of the Year» сыйлығын алып, әлемдегі ең сыйлы моторлардың біріне айналды.
Бүгінде ол Audi RS 3 моделіне орнатылады және 400 а.к. және 500 Нм өндіреді. Бұл автомобильге 0-ден 100 км/сағ дейін 3,8 секундта үдеуге және 290 км/сағ жылдамдыққа жетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мотор өзінің басты ерекшелігін — 1-2-4-5-3 тәртібі бойынша жұмыс істейтін фирмалық үнін сақтап қалды.
Фирмалық дыбыс және бірегей технологиялар
Бес цилиндрлі қозғалтқыштың айқын және әсерлі дыбысы Audi маркасының басты ерекшелігінің біріне айналды. Бұл тек цилиндр санының тақ болуына ғана емес, сондай-ақ арнайы жасалған шығару коллекторына және қазіргі нұсқаларда — адаптивті шығару жапқыштарына байланысты.
Қозғалтқыштың ішкі құрылымы да заманауи шешімдерге негізделген: алюминий блок, жеңілдетілген иінді білік, цилиндрлердің плазмалық қаптамасы және қос контурлы бүрку жүйесі. Осы технологиялар 2.5 TFSI моторын әлемдегі ең жеңіл әрі ең қуатты бес цилиндрлі агрегаттардың біріне айналдырады — оның салмағы бар болғаны 160 кг шамасында.
Венгриядағы қолмен құрастыру
Бес цилиндрлі қозғалтқыш Венгрияның Дьёр қаласындағы Audi Hungaria зауытында толықтай қолмен құрастырылады. Bock атты арнайы желіде мамандар коленвал орнатудан бастап ыстық сынаққа дейін 21 кезеңнен өтеді. Барлық тексерулерден кейін әрбір қозғалтқыш Ингольштадтқа жөнелтіліп, онда Audi RS 3 шассиімен «үйлену» рәсімінен өтеді.
Елу жылдық аңыз
Audi-дің бес цилиндрлі қозғалтқышы — уақыт сынынан сүрінбей өткен және жылдар өте келе тек күшейе түскен сирек технологиялық жетістіктердің бірі. Бүгінде 2.5 TFSI осы дәстүрді жалғастырып, фирмалық дыбыс, заманауи технологиялар және RS модельдеріне тән динамиканы үйлестіре біледі.